Жаңалықтар
Жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада жерлестеріміз тарихи жетістікке қол жеткізді
Ұлттық құрама қоржынында 4 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде бар. Бұл жалпы есепте 14-ші орынға тұрақтауға мүмкіндік берді. Глеб Брусенский мен Евгений Федеров. Жарыс алдындағы кадрлар. Қос спортшы да қобалжып тұрғаны байқалады. Бірақ бапкердің намысты қайрайтын сөздері мен елдің артып жіберген үміті оларға қанат бітіргендей.
Алғашқы күннен-ақ топ басына шығып алды және бес күн бойы қарсыластарына дес бермеді. Осылайша, Олимпиадалық даярлау орталығының шәкірттері ел тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті.
Глеб Брусенский, Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы: - Бұл - командалық жұмыстың нәтижесі. Евгений екеуміз бала кезден бірге жаттығып жүрміз. Қыр-сырымызды жақсы білеміз. Соның арқасында, азулы қарсыластармыздың алдын орап кеттік.
Ал бұл - Астана әуежайы. Әлемдік аламанда алдында жан салмаған қос спортшыға Олимпиада чемпиондарындай құрмет көрсетіліп жатыр. Несі бар? Бүгін жасөспірімдер арасында топ жарса, ертең ересектер арасында олимп шыңын бағындырады деген сөз ғой. Осы тұста біз бапкерін сөзге тартуға тырыстық. Өйткені үнемі бұл мамандардың жұмысы көрінбей қалады. Ал жүлдеге талас кезінде ең көп терді төгетін де, ең көп жүйкесін жұқартатын да негізі осы адамдар.
Вадим Горбачевский, Велоспорттан олимпиадалық даярлау орталығының жаттықтырушысы: - Бұл аламанға дайындықты 2 жыл бұрын бастадық және басшылық о бастан кемінде 1 медаль болу керек деген тапсырма қойды. Алғашқыда үздік үштікке іліксек деп барғанбыз. Бірақ біздің жігіттердің және қарсыластардың қарымын көріп, алтынға таласу керектігін түсіндім. Сөйтіп алғашқы жарыс күнінен-ақ осы чемпиондықты көздедік.
Велоспортшылардың жүлдесі бір мысал ғана. Дәл осылай жерлестеріміз бокс, дзюдо және байдаркада ескек есуден де чемпион атанып келді. Күміс пен қола да көбіне осы спорт түрлерінен.
Серік Жарасбаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы: - Бұл өте үлкен нәтиже деп есептейміз. Енді осы спортшыларымызды біраз уақыттан кейін Ұлттық олимпиадалық комитет пен министрлікпен бірлесіп ресми марапаттау өткізуді жоспарлап отырмыз.
Расымен де, ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар қандай мадаққа болсын лайықты. Жалпы Аргентинадағы аламан жерлестеріміз үшін үлкен тәжірибе болды. Елдің иммиджіне де жақсы үлес қосылды. Ендігі мақсат – 4 жылдан кейін өтетін келесі байрақты бәсекеде осы жетістіктен кем түспеу мақсаты тұр. Тіпті орай келіп жатса, асып түсу керек.
Дереккөз: https://24.kz