«Астана» олимпиадалық даярлау орталығы

Қазақстан Республикасы

ЗОЯ КРАВЧЕНКОНЫҢ СТЕНД АТУ СПОРТЫНА КЕЛУ ЖОЛЫ

10.04.2025

Зоя Кравченко — 13 жасынан бері стенд ату спортымен айналысып жүрген «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының спортшысы. Алғашқы медальдар мерген қыздың үлкен спортқа келуіне тікелей әсер еткен. Сөзінше, тынымсыз жаттығып, биік белестерге жетуге шабыттандырыпты.

«Сайыстарда алғашқы медальдарымды жеңіп алғанда өте ерекше сезімде болдым. Қуанып, спортқа қызығушылығымның артқаны сонша, бұдан да үлкен жетістікке жетуге ынтам ашылды. Осылайша, үлкен спортқа қадам бастым», - деп еске алады Зоя.

Алғашқы үш жыл оңайға түспеген. Дегенмен, әрдайым бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен тәжірибелі, кәсіби жаттықтырушылардың арқасында Зоя қиындықтарды еңсеріп, нағыз спортшы ретінде шыңдалды. Кезіккен қиындықтарға қарамастан, сеніммен, сабырмен және табандылықпен армандарына қадам басқан.

Ағымдағы жылдың ақпан айында Зоя Кравченко беделді Катар Гран-при сайысында өзінің жоғары, тынымсыз дайындығын, жауынгерлік рухын, спорттық шеберлігін көрсетіп, үшінші орынды қанжығасына байлады.

«Гран-приге өте мұқият дайындалдық. Әрине, жоғары, үздік нәтиже көрсеткіміз келді. Мен финалға өтіп, 3-орын алдым. Алға қойған мақсаттарым ауқымды, оған жету жолында барымды саламын»,-дейді спортшы.

Осы күнге дейін Зоя спорттық мансабында бірталай нәтижелерге қол жеткізді, бірақ ол мұнымен тоқтап қалмақ емес. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті.

«Алдағы екі жылға құрған нақты мақсаттарым бар. Квота жеңіп алып, Олимпиадаға қатысқым келеді», — дейді ол.

Зоя жақындарының, отбасының қолдауы қаншалықты маңызды екенін де тілге тиек етті. Айтуынша, дәл осы қолдау спортшы ретінде қалыптасуға және кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі.

Жас спортшыларға Зоя Кравченко өз-өзіне сеніп, үлкен мақсаттар қойып, соларға табандылықпен ұмтылуға кеңес береді:

«Ең бастысы — өзіңе деген сенім, ешқашан берілмеу керек. Сонда қойған жоспарларыңа жетуге болады».

Зоя Кравченконың оқиғасы — жай ғана спорттағы жетістік емес, бұл талап, еңбек пен өз күшіңе деген сенімнің биік шыңдарға жеткізер жол екенін көрсетеді.

Мергеннің шағын тарихы жас спортшыларды қиындықтардан қорықпай, алға сеніммен қадам басуға шабыттандырады. Өйткені әрбір қадам, әрбір жаттығу — армандарға апарар жол. Зоя өзінің спорттық жолымен рух пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде кез келген арманға жетуге болатынын көрсетеді.

Бөлісу: