Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
Ту – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын айқындайтын басты рәміздердің бірі. «Флаг» термині нидерландтың «vlag» деген сөзінен шыққан. Ол белгіленген көлем мен түстегі, елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту - ежелден бері халықты біріктіру және белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы – шұғылалы күн, қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты, көгілдір түсті мата. Тудың сол жақ тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн және оның шұғыласы, қыран мен ұлттық өрнек алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығы – 1:2 метр.
Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік секілді қасиеттерді көрсетеді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның мемлекеттік Туы ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.