Жаңалықтар
2024 ЖЫЛ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?
2024 жылы «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары беделді халықаралық жарыстарға қатысып, үздік нәтиже көрсетті, қоржынды жаңа медальдармен толықтырды.
Жылдың ең жарқын жетістігі деп Париждегі Олимпиада ойындарында нысана көздеу спортынан Ислам Сатпаев пен Александра Ленің жеңіп алған қола медальдарын айтуға болады. Бұл жүлденің қазақстандықтар үшін алар маңызы зор. Себебі, аталған бәсекеде ең алғаш болып қоржынға медаль салған – орталық спортшылары. 10 метр қашықтықта пневматикалық мылтықтан ату бойынша аралас командалық жарыстарда Қазақстан-1 командасы қола үшін Германия құрамасымен бақ таластырып, 17:5 есебімен жеңді.
2024 жылы орталық спортшылары бірталай жарыста биік мінбелерден көрінді. Атап айтсақ, трек-спринт бөлімшесінің велошабандозы Данияр Шаяхметов Әлем чемпионатында кейрин дисциплинасы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Мария Бровкова байдарка мен каноэде есуден Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатында 3-ші орынға табан тіреді. Рамазан Айнегов триатлоннан Азия чемпионатында U15 жасөспірімдер арасында алтын медальді қанжығасына байлады.
Эдуард Ещенко Катар мемлекетінің Доха қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогінде қола медаль алды.
Жалпы, 2024 жылы «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, 55 алтын, 44 күміс және 55 қола медальға ие болды. Біз талантты спортшыларымыздың жетістіктерімен мақтанамыз, әрі алдағы таңда бұдан да биік шыңдарды бағындыратындарына сенімдіміз. Болашақта сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!