Жаңалықтар
XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарының қорытындысы
Үш аптаға созылған Париж-2024 Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Салтанатты жабылу рәсімі 12 тамызға қараған түні танымал «Стад де Франс» француздық стадионында өтті. Дүбірлі додада әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар бас қосып, өзара мықтыны анықтады.
Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 7 медальға ие болды. Нақтырақ айтсақ, дзюдодан Елдос Сметов алтын, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай бокстан күміс медаль жеңіп алды.
Ал оқ атудан «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының қос спортшысы Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Қазақстан құрамысының қоржынына алғашқы жүлдені салып, қола медаль иеленді. Сонымен қатар, дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай қоладан алқа тағынды. Осылайша, отандастарымыз 206 мемлекеттің ішінен 41-ші орынға табан тіреді.
Айта кетейік, Париждегі Олимпиада ойындарын тамашалау үшін 15 млн-ға жуық турист жиналған. Францияның төрінде ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды желбіреткен спортшыларымызды құттықтаймыз!