ЖРВИ-дың алдын алу жолдары

01.10.2024

Бүгін «Сарыарқа» республикалық велотрегінде жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) тақырыбында медициналық қызмет көрсету бөлімінің дәрігері ұйымдастырған кездесу өтті.

Іс-шара барысында маман спортшыларға ЖРВИ-дің пайда болу себептерін түсіндірді. Әсіресе, қарқынды жаттығулар кезінде орын алатын күйзеліс, мазасыздық және ұйқының дұрыс болмауы сияқты факторларға тоқталып өтті.

Орталық дәрігері Гүлмира Базарбайқызы ұл-қыздарға ЖРВИ-дің алғашқы симптомдары жайлы айтып, алдын алу тәсілдерімен бөлісті. Негізгі аталғандары осылар:

·        Қолды жиі жуып, антисептик қолдану;

·        Бөлмелердің ауасын тазартып, оңтайлы ылғал деңгейін сақтау;

·        Дәрумендер мен минералдарға байытылған ас ішу арқылы иммунитетті көтеру;

·        Ұйқы мен демалу режимін сақтау, бұл жаттығудан кейін денені қалпына келтіру үшін өте маңызды;

·        Науқастармен байланыс орнатудан сақ болып, вирустық инфекциялар өршіп тұрған уақытта оқшауланып, бетперде кию қажет;

·        Ағзадағы су деңгейін тұрақты сақтау үшін көбірек су ішкен жөн.

Дәрігер сырқаттанып қалған жағдайда дер кезінде емдом қабылдап, жағдайды ушықтырып алмау қажеттігін ескере айтты. Осы ретте иммундық жүйені нығайтып, ұйқы мен тамақтануды реттеудің маңыздылығы да сөз етілді.

Талқылауға спортшылар белсене қатысып, мазалаған сұрақтарын қойды. Жеткізілген ақпарат балалардың білімдерін арттырып, жалпы денсаулықты дұрыс сақтауды үйретері сөзсіз.

Бөлісу: