Мария Бровкова Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды

26.08.2024

«Астана» олимпиадалық даярлау орталығының спортшысы Мария Бровкова байдарка мен каноэде есуден Әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ескекші каноэде 500 метрге жарысып, аталған қашықтықты 02:09.731 минутта бағындырды.

Бұл жарыста алтын медаль украиналық Людмила Лузанға (2:06.881) бұйырса, екінші орынды Чили елінің спортшысы Мария Миллиард иеленді.

Әлем чемпионаты Өзбекстан елінің Самарқанд қаласында өтіп жатыр. Жалпы саны 20 жүлде сарапқа салынады. Оның 10-ы – байдаркада, қалғаны каноэде есу түрі бойынша.

Еске сала кетсек, қазақстандық Мария Бровкова осыған дейін жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанған еді. Ескекші қызымызды кезекті жеңісімен құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруын тілейміз!

Бөлісу: