Жаңалықтар
«БІЗДІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ» рубрикасы: Мұрат Аубакиров
Бүгінгі «Біздің жаттықтырушы» рубрикасында өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі маман, триатлоннан аға жаттықтырушы Мұрат Аубакиров жайында айтатын боламыз. Ол – әр балаға ерекше көңіл аударып, спортшылардың жоғары жетістіктерге жетуіне себепкер болып жүрген кәсіби жаттықтырушы. Мұрат Темірбекұлы триатлонның қыр-сырын жетік меңгерген, бар білімін ұл-қыздарға үйретіп, үздік шәкірт тәрбиелеуді мақсат етеді.
Мұрат Аубакировтың пікірінше, триатлон спортында жетістікке жету үшін сенімділік, мақсатқа жетуге деген құлшыныс және табандылық қасиеттеріне ие болу керек.
«Ең бастысы – спортшылар үшін қолайлы жағдай туғызған жөн. Әрқайсысының мықты және әлсіз тұстарын есепке ала отырып, арнайы бағдарлама құрастыру қажет. Тағы бір маңызды жайт – жыл бойына үздіксіз жаттығу процесін ұйымдастырып, дамудың әр кезеңін бақылаған абзал. Осының барлығын орындап, биік шыңдарды бағындыру мүмкіндігі артады», - дейді жаттықтырушы.
Мұрат Аубакиров жаттығу барысында әр балаға жекелей түсіндіріп, оларды физикалық белсенділіктен бөлек, психологиялық тұрғыда дайындайды. Спортшылардың жеңіске деген ынтасын арттыру үшін қолынан келгенін аямайтыны жасырын емес. Еңбек өз жемісін беріп, шәкірттері триатлонда биік асуларды бағындыруда.