Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің
«Астана» Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы

«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА: ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН СПОРТ ШЕБЕРЛІГІНЕ КАНДИДАТ МАКСИМ САЖНЕВ

12.02.2026

«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА: ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН СПОРТ ШЕБЕРЛІГІНЕ КАНДИДАТ МАКСИМ САЖНЕВ

Жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат Максим Сажневтің спорттағы жолы бала кезінен бастау алады. Бір күні ол анасымен бірге серуендеп жүрген кезде болашақ жаттықтырушысымен танысады. Жаттықтырушы оны жеңіл атлетика үйірмесіне шақырады. Келесі күні Максим алғашқы жаттығуына қатысып, бұл спорт түрі оған бірден ұнайды. Осылайша оның жеңіл атлетикадағы спорттық жолы басталады.

Алғашқы кезеңде Максим әртүрлі жаттығулармен айналысып көргенімен, уақыт өте келе оның негізгі бағыты ретінде диск лақтыру спорты анықталды. Алғашқы жарыстарының бірінде-ақ жүлделі орынға ие болуы оның спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақтағы бағытын айқындай түсті.

Спорттық жолының бастапқы кезеңі Максим үшін оңай болған жоқ. Қарқынды жаттығулардан кейін бұлшық еттерінің ауыруы және спорттық тәртіпке бейімделу белгілі бір қиындықтар туғызды. Дегенмен, уақыт өте келе ол барлық кедергілерді еңсеріп, өз мақсатына табандылықпен ұмтыла бастады. Қазіргі таңда Максим жаттығу үдерісіне жауапкершілікпен қарап, спортты өмірінің маңызды бөлігі деп санайды.

Спортшының айтуынша, әрбір жарыс – оның еңбегінің нәтижесін көрсететін маңызды кезең. Әрбір старт оған өз мүмкіндігін дәлелдеуге және тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.

Максимнің спорттық жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі – Азия ойындарында жеңіске жетуі. Аталған жарыста ол жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, алтын медаль иеленді.

Спортшының жетістіктеріне оның жаттықтырушысы Руслан Омаровтың қосқан үлесі ерекше. Жаттықтырушы Максимді әрдайым қолдап, жаттығу барысында да, жарыстар кезінде де бағыт-бағдар беріп, жігерлендіріп отырады. Спортшының пікірінше, жаттықтырушысы оның спорттық дамуына үлкен ықпал еткен тұлға.

Алдағы уақытта Максим наурыз айында өтетін жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаттары – әлем чемпионатына қатысу нормативін орындау, Қазақстан рекордын жаңарту және спорт шебері атағына қол жеткізу. Максим табандылық пен жүйелі еңбектің арқасында алға қойған мақсаттарына жететініне сенімді.

Бөлісу: