Жаңалықтар
«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА — ТРИАТЛОННАН СПОРТ ШЕБЕРІ АИДА КИМ
Аиданың спортқа деген қызығушылығы 2015 жылы, 6–7 жасында басталды. Алғаш болып әжесі оны жүзу секциясына алып барған. Кейін Аида заманауи бессайысқа ден қойып, осы бағытта жаттыға бастады.
Уақыт өте келе бессайыспен қатар триатлонды да меңгерді. Екі бағытты қатар алып жүрген бірнеше жылдан кейін, 2024 жылы ол нақты шешім қабылдап, бар күшін триатлонға арнады. Өйткені осы спортта өзін еркін сезініп, болашағын дәл осы бағытпен байланыстыратынын түсінді.
Жас спортшы үшін оқу мен жаттығуды қатар алып жүру де оңай болған жоқ. Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім ала жүріп, күнделікті жаттығуларға да уақыт табуға тура келді. Тығыз кесте физикалық қана емес, моральдық тұрғыдан да үлкен жауапкершілікті талап етті.
2024 жылы Атырау облысында болған су тасқыны Аиданың өміріндегі маңызды шешімдердің біріне себеп болды. Ол Астанаға келгеннен кейін алдында екі жол тұрды: туған жеріне оралып, оқуын жалғастыру немесе елордада қалып, спорттық мансабына толық көңіл бөлу. Ол екінші жолды таңдады.
Бүгінде Аида бұл шешімін дұрыс қадам деп есептейді. Себебі бала кезінен армандаған халықаралық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелер үшін күресіп жүр.
Оның бұл жолында отбасының қолдауының орны бөлек. Ал жарыстар алдында бірнеше жыл бұрынғы армандарын еске алу оған қосымша жігер береді. Кезінде қиял болған дүниелер бүгінде шындыққа айналып келеді.
Аиданың спорттағы тарихы осымен аяқталған жоқ. Алда жаңа жарыстар, биік мақсаттар мен үлкен белестер бар.