Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің
«Астана» Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы

«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА — ВЕЛОШАБАНДОЗ ДАНИЯР МЕРГЕНОВ

14.05.2026

«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА — ВЕЛОШАБАНДОЗ ДАНИЯР МЕРГЕНОВ

Данияр Мергенов — Орал қаласынан шыққан жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін велошабандоз. Ол велоспортпен үшінші жыл айналысып келеді. Бұл спорт түріне оны сыныптасы алып келген. Бастапқыда жаттығулар Данияр үшін тек қызықты хобби және уақытты белсенді өткізудің бір жолы болды. Алайда уақыт өте келе ол жақсы нәтижелер көрсете бастады. Сөйтіп, спортты өмірінің маңызды бөлігіне айналдырып, үлкен жетістіктерге жетуді мақсат етті.

Бүгінде велоспорт Даниярдың күнделікті өмірінде ерекше орын алады. Ол әр жаттығуға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Спортшының айтуынша, жоғары нәтиже көрсету үшін тәртіп, сапалы ұйқы, ағзаны дұрыс қалпына келтіру және өз-өзіңмен үздіксіз жұмыс істеу аса маңызды. Әрбір жарыс үлкен дайындықты, төзімділік пен мықты ерік-жігерді талап етеді.

Даниярдың басты жетістіктерінің бірі — Қазақстан Республикасының тасжол веложарысынан өткен командалық эстафета чемпионатында жеңіске жетуі. Командасымен бірге ол бірінші орынды иеленді. Бұл марапат спортшы үшін ерекше қымбат. Өйткені оған жету жолында көп еңбек, тынымсыз жаттығу және толықтай берілгендік қажет болды.

Спортшының жолындағы ең қиын кезеңдердің бірі — 2024 жылғы жарақаты. Бұл уақыт оған физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық жағынан да ауыр тиді. Ол қарсыластарының жарыстарға қатысып, тәжірибе жинап жатқанын сырттай бақылауға мәжбүр болды. Соған қарамастан, командасының, жаттықтырушысының қолдауы және дұрыс ұйымдастырылған жаттығу процесінің арқасында Данияр бұл сынақты еңсеріп, спортқа бұрынғыдан да мықты мотивациямен қайта оралды.

Даниярдың спорттық өмірінде оның жаттықтырушысы Тимур Викторович Харисовтың орны ерекше. Спортшы үшін ол тек бапкер ғана емес, қиын сәтте қолдау көрсететін, қабілетін шыңдап, жаңа белестерге жетелейтін сенімді тәлімгер.

Алдағы уақытта Данияр Мергенов жаттығуын жалғастырып, шеберлігін одан әрі дамытып, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге жетуді жоспарлап отыр. Оның еңбекқорлығы, мақсаткерлігі және спортқа деген сүйіспеншілігі жаңа жеңістерге жетелері сөзсіз.

Бөлісу: