Жаңалықтар
ЮЛИЯ ЛИ — МАУНТИНБАЙККЕ КЕЛГЕН ЖОЛЫ
ЮЛИЯ ЛИ — МАУНТИНБАЙККЕ КЕЛГЕН ЖОЛЫ
Юлия Ли — 18 жасар спорт шебері. Ол бұл спорт түрімен айналысып жүрген бес жыл ішінде бірнеше мәрте ел чемпионы атанып, маунтинбайктан Азия чемпионатының күміс жүлдегері болды.
Юлия жаңа ауданға қоныс аударғаннан кейін велоспортпен бұрыннан айналысатын достармен танысып, бұл спорт түріне қызығушылығы оянды. Осылайша ол үлкен спортқа қадам басты.
Бастапқыда Юлия шосселік велоспортпен айналысқан еді, алайда екі жыл бұрын бағытын өзгертіп, маунтинбайкқа ауысты. Бұл шешімді қабылдауына оның спортқа деген қызығушылығын арттыру және жаңа сынақтарға ұмтылысы себеп болды.
Юлияның айтуынша, маунтинбайк әлдеқайда көп техникалық дайындықты, сондай-ақ күрделі трассаларда велосипедті шебер басқаруды талап етеді. Әрбір құлау мен қиындық оған баға жетпес тәжірибе мен биікке бастайтын баспалдақ болды. Күн өткен сайын Юлия өзін сенімді сезініп, физикалық әрі рухани жағынан шыңдала түсті.
Ең қиын сәттердің бірі — барыңды салып еңбек етсең де, нәтиженің күткендей жоғары болмауы. Юлияның айтуынша, физикалық тұрғыдан денесі тоқтауды талап еткенімен, санасы: «Сен бұдан да көпке қабілеттісің» — деп, алға итермелей береді екен. Осындай сәттердің арқасында Юлия өзін тыңдауды, жан дүниесінің қалауын түсінуді және уақытылы демалудың қажеттігін ұғынды. Ол серуендеуден, әсерлі әуендерден, жақындарымен әңгімелесуден — тыныштық пен күш жинауды әдетке айналдырған.
«Спорт — бұл тек жеңіс тұғыры емес, бұл — күрделі де қадірлі жол және үлкен еңбек.»
Жарыс алдында спортшы бойындағы күшін жинап, жеңіске нақты бағытталады. Қобалжу болуы мүмкін, бірақ ол соған бой алдырмай, барынша еңбек ету қажет екенін жақсы түсінеді. Себебі спортшы біледі: тәтті жеміс тек табанды әрі тынымсыз еңбектің арқасында келеді.
Юлияның айтуынша, ең қымбат марапат — жарқыраған медаль емес, оның артында тұрған үлкен еңбек. Сол сияқты, оның бағалы жетістіктерінің бірі — Азия чемпионатының күміс жүлдегері атануы. Бұл жеңіс — екі жылдық табанды еңбектің, сәтсіздіктер мен құлаулардың, сондай-ақ жеңістер мен үздіксіз талпыныстың жемісі.
Юлияның алғашқы жаттықтырушысы — Келембердин Тимур Болатович. Дәл осы Тимур Болатовичтің жетекшілігінің арқасында Юлия ұлттық құраманың деңгейіне дейін өсті. Ал Қазақстан құрамасында оның жаттықтырушысы — Артём Викторович Головащенко. Осындай кәсіби мамандардың қолдауы мен еңбегінің арқасында Юлия биік нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Дегенмен, Юлия үшін ең үлкен қолдау — әрдайым жанында жүрген туған-туыстары мен жақын жандары.
— Қолдау дегеніміз — “Сенің қолыңнан келеді!” деген қарапайым смс-хат, жеңілістен кейінгі жылы құшақ немесе жарыс алдындағы шабыт беретін бір қоңырау. Осындай сәттер маған ерекше күш береді, — дейді спорт шебері.
Спортшы өз мақсаттарына асықпай, айқын бағытпен келе жатқанын айтты. Оның басты мақсаты — тек кәсіби спортшы ретінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда маунтинбайкты дамытып, оны танымал ету және деңгейін көтеру.
— «Маунтинбайк — тек қиын спорт қана емес, сонымен бірге өте қызықты екенін дәлелдегім келеді», — дейді Юлия Ли.