Жаңалықтар
Байдарка мен каноэде ескек есуден жаттықтырушы Сергей Тиунов әлем чемпионатына дайындық барысын баяндады
Ағымдағы жылы 16-21 шілде аралығында Болгария елінде байдарка мен каноэде ескек есуден әлем чемпионаты өтеді. «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы жетекшілік ететін қазақстандық ескекшілер дүбірлі додаға қызу дайындық үстінде, жеңіске деген ұмтылыстары мықты.
Сергей Тиунов – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, байдарка мен каноэде ескек есуден спорт шебері. 40 жылдық еңбек өтілі бар білікті, тәжірибелі маман шәкірттерінің осы күнге дейін жеткен жетістіктері мен алдағы бәсекелерге дайындығын жоғары бағалап, мақтан тұтады. Айтуынша, жас спортшылар тамыз айында өтетін Олимпиада ойындарына лицензия алған.
«Біз олимпиада ойындарына лицензия алдық. Тамыз айында сайыстар басталады. Әлем чемпионатында, олимпиада ойындарында үздік нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз. Қолдан келгеннің бәрін жасап, талмай еңбектеніп жатырмыз. Жалпы, байдарка мен каноэде ескек есудің адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Ең бастысы спортшылар әрдайым таза ауада, табиғат аясында жүреді. Барлық бұлшық еттері қимылдап, тепе-теңдікті сақтауды үйренеді. Сонымен қатар, жүрек-қантамыр жүйесін жаттықтырып, тыныс алу жолдарын ашады», - дейді Тиунов Сергей.
Комада мүшелері – Қазақстан Республикасының чемпиондары. Екі бойжеткен әлемдік деңгейдегі жарыста 18-23 жасқа дейінгі жастар арасында үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Соңғы 2 жыл ішінде спортшылар әлем чемпионатынан 7 медаль алып келген. Оның үшеуі – алтын, екі күміс және екі қола медаль.
Аталған жетістіктер – қазақстандық спортшылардың дайындығы жоғары деңгейде екендігінің әрі жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінің куәсі. Команда мүшелері мұнымен тоқтап қалмақ емес, әлем чемпионатында ел намысын қорғап, жаңа медальдарға қол жеткізу үшін тынымсыз еңбектенуде.
Байдарка мен каноэде ескек есу – бұлшық еттерді бекітіп, денсаулықты нығайтады. Қазақстандық команда ел намысын абыроймен қорғап, жаңа биік белестерді бағындыруға дайын, нық сенімді. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!