Жаңалықтар
«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ»: АҚБАЯН НҰРМӘМЕТ – ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАҒА КЕЛУ ЖОЛЫ
«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ»: АҚБАЯН НҰРМӘМЕТ – ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАҒА КЕЛУ ЖОЛЫ
Жеңіл атлетикадан спорт шебері Ақбаян Нұрмәмет өзінің спорттағы жолын, жетістіктері мен қиындықтарын бөлісіп, жастарды спортқа шақырды.
Ақбаянның спортқа келу жолы ерекше. Оның айтуынша, спорттан алыс болу оған мүмкін емес еді, себебі әкесі бірнеше спорт түрімен, соның ішінде жеңіл атлетикамен де айналысқан. Осы ортада өскен Ақбаян 13 жасында жеңіл атлетикаға кәсіби түрде қызығушылық танытып, алғашқы жүгіру жаттығуларынан кейін бұл спорт түріне ерекше құлшыныспен қарай бастаған.
«Жаттығудан кейін өзімді өте жақсы сезіндім, бұл спортқа деген қызығушылығым арта түсті», – дейді ол.
Дегенмен әр спортшының жолында қиындықтар болатыны анық. Ақбаян да бұл кезеңді басынан өткерді. 2024 жылы алған тізе жарақаты оны спорттан бір жарым жылға алыстатты. Көптеген маңызды жарыстардан тыс қалуға мәжбүр болғанымен, бапкерлерінің қолдауы мен кәсіби кеңестері арқасында ол спортқа қайта оралып, жігерін жоғалтпады.
«Жеңіл атлетика – төзімділік пен шыдамдылықты дамытатын спорт. Осы қасиеттер маған қиын сәттерде өзімді жоғалтып алмауға көмектесті», – дейді спортшы.
Ақбаян жаттығудың тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Ауа райының қолайсыздығы мен жарыс кезіндегі қысымға қарамастан спортшы әрдайым дайын болуы керек екенін де айтты.
Спортшы үшін 2023 жыл ерекше есте қалды. Сол жылы ол Астана қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болып, «Спорт шебері» атағын алды.
«Бұл жетістігім – жаттықтырушыларым мен ата-анам үшін үлкен қуаныш болды», – дейді ол.
Ақбаян өзін әрдайым қолдап жүрген жанкүйерлеріне, достарына, отбасына және бапкерлеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, олардың рухани қолдауы жаңа биіктерге жетуге шабыт береді.
«Жарыс кезінде қасымда болмаса да, тікелей эфирден қолдап отыратын жақындарымның қолдауы маған үлкен күш береді», – деді спортшы.
Сонымен қатар, ол спорт пен оқуды қатар алып жүрудің оңай еместігін мойындады. Дегенмен уақытты тиімді жоспарлау арқылы барлық салада үлгеруге тырысатынын айтты.
Қиындыққа қарамастан, Ақбаян спортқа қайта оралып, бұрынғы жетістіктерін жаңғыртуға және алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.
Сөз соңында спорт шебері жастарды жеңіл атлетикамен айналысуға шақырды:
«Жеңіл атлетика – денсаулықты нығайтып қана қоймай, шыдамдылық пен ерік-жігерді қалыптастырады. Бұл – әр адамның дамуына үлкен ықпал ететін спорт түрі», – дейді Ақбаян Нұрмәмет.