Жаңалықтар
БИІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОЛ: СПОРТ ШЕБЕРІ МАУЛЕТКАН АЛУАНЫҢ ТАРИХЫ
БИІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОЛ: СПОРТ ШЕБЕРІ МАУЛЕТКАН АЛУАНЫҢ ТАРИХЫ
2021 жылы Алуа алғаш рет мектептегі секцияда спорттық туризммен танысты. Арқанмен өрмелеу, кедергілерден өту сияқты жаттығулар оған бірден ұнады. Ал жазда ол алғаш рет қайыққа отырып, судағы есу спортын байқап көруді ұйғарды.
Сол жазда алғашқы жаттығуына келіп, қайыққа отырған сәттен бастап-ақ ол су әлеміне жақын екенін сезінді. Бастапқыда бәрі оңай болмады, бірақ жаттықтырушыларының үнемі қолдауы мен мақтауы оған сенімділік берді. Дәл сол 2021 жылы Алуа алғаш рет қолына ескек алып, жаңа әлемге қадам басты. Жазғы маусымнан кейін ол спорттық туризммен байыпты түрде айналысуға бел буды.
2022 жылдың жазында Алуа су туризмі бағыты бойынша мақсатты түрде жаттыға бастады. Сол уақытта жаттықтырушылар оған Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуды ұсынды. Бұл оның алғашқы ірі жарысы болды. Ол жарыста құрметті төртінші орынды иеленіп, ағыс жылдам, толқынды суда алғаш рет шынайы қуаныш пен толқуды сезінді — бұл сезім оның есінде мәңгі сақталып қалды.
2023 жылы Алуа қайтадан республикалық жарысқа қатысып, 14 жасқа дейінгі категорияда екінші орынды жеңіп алды. Сол сәтте оның көзінде шынайы жалын жанды — енді байдарка слаломымен жай ғана әуестену емес, үлкен мақсатпен айналысуға шешім қабылдады. Бұрын жаттығулар мектеп өмірінің бір бөлігі болса, енді бұл іс оның жүрек қалауына айналды. Су туризмі Алуа үшін қызықты, экстремалды және жаңалыққа толы әлем болып ашылды.
Әрбір жаттығу оған жаңа білім мен дағды сыйлайды. Алуа дұрыс техникамен есуді, күрделі элементтерді орындауды, тепе-теңдікті сақтауды үйреніп жүр. Бұрын оған жылдамдықты арттыру, қайықты басқару, аударылып қалудан қорқу қиын көрінетін. Алайда уақыт өте келе қорқыныш сейіліп, оның орнын сенімділік пен табандылық басты. Әрине, қиындықтар бар, бірақ ол енді біледі: тырыспасаң — нәтиже де болмайды.
Алуаның ең үлкен жетістігі — тек медальдар ғана емес, сонымен қатар оны қолдайтын жандардың сенімі мен мейірімі. Жаттықтырушыларының, ата-анасының, әжесінің және достарының жылы сөздері мен қолдауы оны шабыттандырып, алға жетелейді.
Бүгінде Алуаның басты арманы — келесі жылы өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жету. Ол осы мақсатқа сенеді және арманының міндетті түрде орындалатынына кәміл сенімді.