Жаңалықтар
«СПОРТ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР» АЙДАРЫ: НЫСАНА КӨЗДЕУ
Нысана көздеу – әртүрлі қашықтықта атыс қаруын пайдаланып, нысаны көздеп дәл тигізетін спорттық жарыс түрі. Жарыстар ашық алаңда немесе жабық үй-жайларда ұйымдастырылады. Оқ атуда тапанша және мылтық сынды қару-жарақтың түр-түрі қолданылады, ал нысана дөңгелек немесе кез келген пішінді болуы мүмкін, өлшемдері мен қиындық деңгейлері әртүрлі.
Аталған спорт түрі нақтылықты, дәлдікті және төзімділікті талап етеді. Олимпиада ойындарының қатарына ерлер үшін 1896 жылдан бастап енгізілді, әйелдер Олимпиада ойындарына 1980 жылдан қатыса бастады. Жарыс барысында спортшылар тұрып, отырып немесе жатып ата алады.
Біздің орталықтың спортшылары нысана көздеуден керемет нәтижелер көрсетіп жүр! Мысалы, 2024 жылы Париждегі Олимпиада ойындарында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле әлемге шеберліктерін паш етіп, қола медальды қанжығаларына байлады. Бұл біз үшін – үлкен жетістік, әрі басқа мергендердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, биік белестерге жетелейтін мотивация болары сөзсіз.
Бүгінгі таңда «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының нысана көздеу бөлімінде 88 спортшы бар. Мергендер халықаралық сайыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарды еншілеуде. Бұл олардың жоғары дайындығы мен тәртібін, сондай-ақ орталықтың халықаралық аренада осы спорт түрін дамытуға сүбелі үлес қосып жүргендігін растайды.