Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің
«Астана» Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақстан Республикасы
Қазақстан Республикасы

Спортшы жолы: Ислам Сатпаев

01.07.2024

Ислам Сатпаев 1998 жылы 21 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Нысана көздеу спортымен 7-сыныптан бері айналысып келеді. Өзінің алғашқы жаттықтырушысы Валентина Дериглазованың тәлім-тәрбиесімен осы спорттың қыр-сырына қаныға бастайды. Еңбек сіңірген жаттықтырушы 5 жыл бойы Исламды балалар спорт мектебінде жаттықтырып, тәрбиеледі. Кейін Ислам Сатпаев Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне ауысып, күні бүгінге дейін еңбек сіңірген жаттықтырушы Геннадий Насоновтың қол астында жаттығып келеді.

Спортшы 2023 жылғы Әлем кубогінде екі мәрте күміс жүлде жеңіп алса, Қытайдың Ханчжоу қаласында мәресіне жеткен Азия ойындарында қола медальға ие болды. Ел спортшыларынан Париждегі дүбірлі додаға ең алғашқы жолдаманың бірін Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Былтыр Әзербайжанның астанасы – Бакуде өткен нысана көздеуден 53-ші лицензиялық Әлем чемпионатында отандасымыз ерлер арасында 10 метрге пневматикалық мылтықтан ату жаттығуында 206,5 ұпаймен 4-орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болған еді.

Ислам Сатпаев оқ ату спортына бала кезінен жақын болып өскен. Жаттығулардағы табандылығының, спортқа деген асқан қызығушылығының арқасында бірталай сайыстарда жүлдегер атанды. 2019-2023 жылдар аралығында ұлттық, халықаралық турнирлерге қатысып, мықтылығын дәлелдей түсті. Халықаралық аренадағы нәтижелері Ислам мен жаттықтырушыларының оның әлеуетіне деген сенімін нығайтты.

Қазіргі уақытта Ислам Париждегі Олимпиада ойындарына дайындалуда. Оның жетістіктері еңбек пен табандылық арқылы спортта үлкен биіктерге жетуге болатындығын көрсете отырып, Қазақстанның жас спортшыларына шабыт береді. Ислам жаңа жеңістерге ұмтылып, Олимпиада ойындарында медаль ұтып алуға ниетті.

Бөлісу: