Жаңалықтар
АРМАНҒА ҚАРАЙ ЖОЛ СІЛТЕГЕН ЖЕБЕ: РАЙЫМБЕК МАЙКИБАЕВТЫҢ СПОРТҚА КЕЛУ ЖОЛЫ
АРМАНҒА ҚАРАЙ ЖОЛ СІЛТЕГЕН ЖЕБЕ: РАЙЫМБЕК МАЙКИБАЕВТЫҢ СПОРТҚА КЕЛУ ЖОЛЫ
Райымбек Майкибаев — болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшы. Ол садақ атумен кәсіби түрде айналысады және «Астана» Олимпиадалық даярлау орталығының намысын қорғайды. Спорттағы алғашқы қадамы кездейсоқ басталғанымен, бұл іс уақыт өте келе оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Бәрі ағасымен бірге жаттығу алаңына еріп барған сәттен басталды. Бастапқыда қызығушылығы ұзаққа созылмайды деп ойлағанымен, алғашқы жаттығулардан-ақ ол бұл спорт түріне шын беріліп, жан-тәнімен қызыға бастады. Нәтижесінде садақ ату — хобби емес, өмір салтына айналды.
Райымбек 12 жасынан бастап кәсіби деңгейде дайындала бастады. Ол үшін жаттығудың әрбір сәті ерекше, шабыт пен құлшынысқа толы. Еңбектің арқасында түрлі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан жиі көрініп жүр.
Әрине, спорт жолы — тек жеңіс емес, сынақтармен де қатар жүретін күрделі сапар. Әсіресе, жарыс кезіндегі психологиялық қысым мен күйзеліс — ең қиын кезеңдердің бірі. Осындай сәттерде оған жаттықтырушыларының, жақындарының және командасының қолдауы зор демеу болады. Уақыт өте келе команда мүшелері нағыз бір отбасыға айналып, өзара сенім мен түсіністік орнады.
Жарысқа дайындық бірнеше кезеңнен тұратын жауапты процесс. Алдымен физикалық дайындық жүргізіледі, кейін психологпен бірге моральдық тұрғыдан дайындалады. Соңғы кезеңде бапкерімен бірлесіп, ішкі сенімділік пен рухани дайындыққа басымдық беріледі.
Бүгінгі күнге дейін жеткен ең ірі жетістіктерінің бірі — Қазақстан чемпионатында командалық микс санатында бірінші орын алуы және халықаралық турнирде жеке әрі командалық есепте чемпион атануы. Бұл — оның спорттық мансабындағы маңызды белестердің бірі.
Райымбектің спорттағы табысында оның жаттықтырушысы Бауыржан Сағымбаевичтің рөлі ерекше. Ол тек кәсіби маман ғана емес, сонымен қатар жанашыр, адамгершілігі мол ұстаз. Жаттығу процесінде әрқашан қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Оның жетекшілігімен команда сапалы спорттық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен бірге Райымбек ата-анасына ерекше алғысын білдіреді. Олар әрдайым жанынан табылып, моральдық және материалдық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Осындай қамқорлықтың арқасында ол өз ісімен еркін айналысып, биік белестерді бағындыруға мүмкіндік алып отыр.
Кестесі тығыз болса да, Райымбек спорт пен оқуды қатар алып жүруге тырысады. Кейде қиындықтар туындаса да, ол: «Егер қаласаң — бәріне үлгеруге болады. Тек уақытты дұрыс жоспарлау керек», — дейді.
Қазіргі уақытта оның басты мақсаты — Канадада өтетін әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету. Ал ең үлкен арманы — Олимпиада ойындарына қатысып, Қазақстанның абыройын асқақтату.
Жас спортшыларға Райымбек әрдайым мықты болуға, табандылықпен еңбек етуге және ешқашан берілмеуге кеңес береді.
Оның сенімі — адам шын жүректен беріліп, адал еңбек етсе, жетістік міндетті түрде келеді.