Жаңалықтар
Азия чемпионатында ескекшілерімізге сәттілік тілейміз!
Академиялық есу спортымен шұғылдану қол, аяқ және арқа бұлшық еттерінің жұмысын жақсартып, бекітеді. Сонымен қатар, тепе-теңдікті сақтауды үйретіп, төзімділікке шыңдайды.
Ескек есу қимыл-қозғалыстың нақтылығын және дененің біркелкі қимылдауын талап ететінін білеміз. Осы арқылы моторика дамып, дененің жалпы жай-күйі жақсарады.
Бүгін Қытай Халық Республикасының Шэньян қаласында академиялық есуден Азия чемпионаты басталды. Қазақстанның намысын «Астана» олимпиадалық даярлау орталығының 13 спортшысы қорғауда. Біздің ескекшілеріміз байрақты бәсекеге тынбай дайындалды. Физикалық жаттығулардан бөлек, психологиялық жағынан да бірталай жұмыс жасалды.
Спортшыларымыз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғайды деген үміттеміз әрі жоғары нәтижеге жетіп, қоржынды жүлделермен толтыруларына тілектеспіз.
Айта кеткен жөн, чемпионат 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Алға, Қазақстан!